Көлік министрлігі күрделі жөндеуден кейін ашылған теміржол вокзалдарының тізімін жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгінде 30 вокзал күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілді. Олар:
- 01Ауыл және Белағаш вокзалдары (Абай облысы)
- 02Курорт-Бурабай, Шортанды, Макинка және Ақкөл (Ақмола облысы)
- 03Ганюшкино және Аққыстау (Атырау облысы)
- 04Семиглавый Мар, Қазақстан және Шыңғырлау (Батыс Қазақстан облысы)
- 05Қарағанды-Сортировочная, Жаңа Қарағанды және Нұра (Қарағанды облысы)
- 06Аманқарағай және Құсмұрын (Қостанай облысы)
- 07Жаңақорған, Қазалы, Шиелі және Талап (Қызылорда облысы)
- 08Қонаев және Шамалған (Алматы облысы)
- 09Талдықорған (Жетісу облысы)
- 10Тайынша, Жаңаесіл және Саумалкөл (Солтүстік Қазақстан облысы)
- 11Риддер және Шемонаиха (Шығыс Қазақстан облысы)
- 12Бозшакөл платформасы (Павлодар облысы)
Жөндеу барысында ғимараттардың қасбеттері, шатырлары, жылу жүйелері, сумен жабдықтау, желдету, ауаны баптау, өрт қауіпсіздігі және бейнебақылау жүйелері жаңартылып, энергия үнемдейтін витраждар орнатылды. Отандық құрылыс материалдарына басымдық берілді.
Министрлік мамандарының айтуынша, ерекше назар кедергісіз орта қалыптастыруға аударылды. Вокзалдарда пандустар, лифтілер, бейімделген кіреберіс аймақтары мен санитарлық тораптар, тактильді жолақтар және арнайы касса аймақтары жабдықталды. Нысан санатына қарай ана мен бала бөлмелері, медициналық пункттер, сақтау камералары қарастырылып, жолаушылар ағынын тиімді ұйымдастыру үшін ішкі кеңістіктер қайта жоспарланды.
Сонымен қатар жолаушылар платформалары, вокзал маңы алаңдары мен инженерлік инфрақұрылым да жаңартылған.
Айта кетері, Қазақстандағы теміржол вокзалдарының басым бөлігі 1950-1970 жылдары салынған, ал кейбірі 80-100 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келген. Көпшілігі ондаған жыл бойы күрделі жөндеуден өтпеген.
