Алматы облысының тұрғыны Мәдина (аты-жөні өзгертілген) 17 жылға жуық отасқан күйеуін пышақтап өлтірді деп айыпталған еді, алайда сот оны ақтап шығарды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бесінші баласына жүкті әйелдің күйеуін не себепті өлтіргені, бұған дейін отбасында қандай жағдайлар болғаны және соттың оны неге ақтағаны қоғамның назарын аударды. Sputnik Қазақстан тілшісі екі тараптың да уәжін тыңдады.
"17 жылда көрмегені жоқ"
Күйеуін өлтірді деп айыпталған Мәдинаның екі туған әпкесі Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берді. Олардың айтуынша, сіңлісін танысқанына он күн болған ауыл тұрғыны алып қашқан. Екеуі де Алматы облысының Шеңгелді ауылында тұрған.
"Сіңліміз келін болып түскеніне 17 жылға жуықтады. Осы уақытқа дейін не құдалық, не той болған жоқ. Келін болып түскеніне бір жыл өтпей жатып, күйеуі ұрып-соғуды бастады. Осы жылдар бойы үнемі олардың арасына түсіп отырды", – дейді күйеуін өлтірген әйелдің әпкелері.
"Шашынан жұлып, ұрып жатыр екен..."
Мәдина алып қашқан кезде қалғысы келмей, өз үйіне қайтып келген. Алайда күйеуінің туыстары оны қайта алып кеткен. Бұл 2009 жылы болған.
"Жігіттің тұрмысы нашар болғанына қарамастан, Мәдина сол босағада қалды. 2010 жылы енесінің сіңлісі олардың үйіне келеді. Сол кезде Мәдина бізге: "Мені алып кетіңдерші, олар мені ұрып жатыр", – деп хабарласты. Барып, үйге кірсем, енесінің сіңлісі Мәдинаның шашынан жұлып, ұрып жатыр екен. Әрең ажыратып, ол әйелмен төбелесіп қалдым. Сөйтіп, сіңлімді алып кеттік", – дейді Жұлдыз есімді әпкесі.
Алты жыл бала көтермеген
Бұл даумен бәрі біте қоймаған. Әпкелерінің айтуынша, күйеуі балдызының тісін сындырып, қайын жұртының терезесін шаққан. Алайда кейін ерлі-зайыпты бір-бірін кешіріп, қайта қосылған.
"Мәдина бес-алты жылдай бала көтермеді. Кейін күйеуі емделіп, Мәдина 2016 жылы тұңғышына жүкті болды. Сол шала туған сәбиді алып қалып, Мәдинаны ақпан айында, аязда далаға қуып шыққан кездері де болды. Сіңліміз талай рет таяқ жеді, тіпті бір жолы көзінің тамырын жарып жіберді", – дейді Гүлжанат есімді әпкесі.
"Көзіне шөп салды"
Мәдинаның әпкелері оның талай рет күйзеліске түскенін де жеткізді.
"Мәдина таяқ жеп, үйіне кетіп қалған кезде күйеуі Шеңгелдіге Қарақалпақстаннан келген әйелмен көңіл қосқан. Күйеу жігіттің әлегі мұнымен де бітпеді. Кейін тағы да екеуі ренжіскенде, менің әріптесіммен көңіл қосып алған", – дейді Гүлжанат.
"Көп жағдайды сотта естідік"
Туыстарының айтуынша, ер адам әйелін қатты қызғанған. Әтір себуге де рұқсат етпей, тіпті хиджаб киюге мәжбүрлеген.
"Күйеу бала намаз оқи бастап, Мәдинаны да күштеп намаз оқытқан. Кейін сіңліміздің денсаулығы нашарлап, намаз оқуды қойды. Мәдинаға қандай қиындық көрсеткенін біз сотта ғана естідік. Негізі, ол үнемі өте ашулы жүретін", – дейді әпкелері.
Ауру жұқтырған
Әпкелерінің айтуынша, Мәдина олар уайымдамасын деп басынан өткен көптеген жағдайды жасырған.
"2014 жылы Мәдина күйеуінен жыныстық жолмен берілетін жұқпалы ауру жұқтырған. Көктөбе жақтағы ауруханада жатып емделген. Сифилиспен ауырып, үш ай емделді. 2017 жылы да осы ауруды күйеуінен қайта жұқтырған. Екеуі анонимді түрде емделген", – дейді әпкелері.
Мәдина күйеуінен бірнеше рет кетіп қалып, қайта оралған. Осылайша төрт бала дүниеге келген, бесіншісіне жүкті болған.
"Күйеуі көзіне шөп салатынын ашық айтқан. Тіпті Мәдинаға: "Әйел ретінде мені қызықтырмайсың", – деген."
