«Қазақстан темір жолы» (КТЖ, «Самұрық-Қазынаның» еншілес компаниясы) өзінің жай акциялары мен глобалдық депозитарлық қолхаттарын «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында (AIX), Лондон қор биржасында (LSE) және Гонконг қор биржасында (HKEX) орналастырады, деп хабарлайды КТЖ-ның 29 маусымда өткен акционерлердің жалпы жиналысының қорытындысы бойынша жарияланған құжат. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Самұрық-Қазына» жиналыста КТЖ жарғысын жаңа редакцияда бекітті (ескі жарғы «Самұрық-Қазына» басқармасының 2022 жылғы 27 мамырдағы шешімімен бекітілген болатын). Жаңа жарғы Гонконг қор биржасының талаптарын ескереді. Жаңа жарғыға сәйкес корпоративтік басқарудың негізгі тәсілдері экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның және «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің қарауына шығарылады.
Сонымен қатар, Гонконг қор биржасының листинг ережелері бойынша КТЖ акционерлері мен тәуелсіз директорларының мақұлдауын талап ететін мәселелер тізбесі бекітілді.
КТЖ жаңа жарғысын бекіту және қолданыстағы жарғының күшін жоғалту туралы шешімдер ұлттық компанияның үш қор алаңында IPO-сы сәтінен бастап күшіне енеді.
«Осы шешімнің 1 және 2-тармақтары (КТЖ жаңа жарғысының күшіне енуі және қолданыстағы жарғының күшін жоғалтуы туралы) ҚТЖ акциялары мен депозитарлық қолхаттарын Astana International Exchange-те және ҚТЖ депозитарлық қолхаттарын Гонконг қор биржасы мен Лондон қор биржасында алғашқы реттік орналастыру күнінен бастап және Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссиясы мен «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің осы шешімнің 4-тармағына сәйкес теріс шешімдері болмаған жағдайда күшіне енеді», – делінген акционерлер жиналысының қорытындысы бойынша қабылданған шешімдерде.
Бұған дейін КТЖ-ның Лондон қор биржасында, сондай-ақ қазақстандық қор нарығында 25% акцияларын орналастыру жоспарлары туралы хабарланған болатын.
Қазақстанда екі қор биржасы бар – Қазақстан қор биржасы (KASE) және «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы (AIX).
Тарихи қалыптасқан нормалар бойынша, қазақстандық эмитент отандық нарықта IPO кезінде акциялардың/GDR-дің кемінде 20%-ын ұсынуы тиіс болды – бұл норма 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылды. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл үлес кемінде 30%-ға дейін өсті.
Осылайша, КТЖ IPO-ға шыққан кезде акциялардың кемінде 30%-ы немесе КТЖ акцияларының 7,5%-ы (25% пакеттің 30%-ы) AIX-те орналастырылады.
Бұған дейін КТЖ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов инвесторларға 25% акциялар ұсынылатын IPO Лондонда, Гонконгта және Қазақстанда өтетінін, бірақ ҚР-дағы нақты алаңды атамағанын хабарлаған болатын.
8 шілдеде Талғат Алдабергенов қызметінен босатылып, басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып Бауыржан Ұрынбасаров тағайындалды.
КТЖ кірісінің едәуір бөлігін Қытайдан Еуропаға және кері бағыттағы жүк транзитіне қызмет көрсетуден табады. Сонымен қатар, ұлттық компания Қазақстан ішінде әлеуметтік жүктерді, оның ішінде көмірді тасымалдауды тиімді етуді күтеді. Ол үшін реттеуші монополистің тарифтерді көтеру туралы өтінішін мақұлдауы керек.
Сонымен қатар, жолаушылар тасымалы КТЖ үшін шығынды болып табылады. КТЖ шығынды қызмет түрлерін экспортқа және транзитке жүк тасымалдаудан түскен кірістер есебінен жабуға тырысады. КТЖ-ның еншілес компаниясы – «Жолаушылар тасымалы» – 2025 жылға 25,1 млрд теңге шығын алғаны туралы есеп берген болатын.
