Қара теңіз жағалауындағы КТК терминалында мұнай тиеуге дайындалып жатқан Nordic Zenith танкері ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуылға ұшырады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, Nordic Zenith кемесі түнгі екі ұшқышсыз ұшу аппаратының шабуылынан кейін өртенді. Өрт экипаж күшімен сөндірілді. КТК консорциумының кемелері танкерден 13 адамды эвакуациялады, тағы тоғыз адам бортында қалды.
Кемеге таңертең мұнай тиеу басталуы керек еді, алайда шабуылдан кейін ол тиеуге жарамсыз болып қалды. КТК Қазақстан мұнайын Новороссийск терминалы арқылы Еуропаға жеткізудің негізгі бағыты болып табылады. КТК инфрақұрылымы арқылы құбыржолдармен тасымалданатын қазақстандық мұнайдың 80%-ы өтеді.
Nordic Zenith танкері Suezmax класына жатады (яғни Суэц каналынан толық жүктемемен өте алады). Ол Либерия туымен жүзеді. Кеме 10 шілдеде Ыстамбұл портынан шыққан.
Еске сала кетейік, 8 шілдеде американдық Chevron компаниясының Каспий құбыржол консорциумы (КТК) терминалынан қазақстандық мұнайды тасымалдауға пайдаланылған мұнай танкері ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуылға ұшыраған болатын.
КТК акционерлері: ресейлік «Транснефть» (24%), «ҚазМұнайГаз» (19%), американдық Chevron (15%), ресейлік «Лукойл» (12,5%), американдық ExxonMobil (7,5%), «Роснефть-Шелл Каспиэн Венчурс Лимитед» (7,5%), ресейлік «МК КТК Компани» (7%) және италиялық Eni (2%).
