Каспий құбыр консорциумының (КТК) теңіз терминалы 19 шілдеде ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырады. Шабуыл нәтижесінде қазақстандық кен орындарынан мұнай тиеп жатқан екі танкер зақымданды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

КТК мәліметінше, тиеу операциялары кезінде ВПУ-1 және ВПУ-3 шалғайдағы причалдық құрылғыларында ұшқышсыз ұшу аппараттары ASIA және NISSOS IOS танкерлеріне шабуыл жасады. Бірінші танкерде «Теңізшевройл» (Chevron) компаниясының мұнайы, екіншісінде Kashagan B.V. және «Матен» (ҚМГ) компанияларының мұнайы болған.

Шабуыл салдарынан ASIA танкерінде өрт шықты. Өрт КТК авариялық-құтқару қызметтерінің күшімен жедел жойылды.

«Мұнай тиеу тоқтатылды. КТК қызметкерлері мен мердігер ұйымдар арасында зардап шеккендер мен құрбандар жоқ. Мұнайдың төгілуіне жол берілмеді. Экипаж мүшелеріне медициналық көмек сұралған жоқ. Танкерлер суда жүзу қабілетін сақтап қалды, зақымдануды бағалау жүргізілуде», — деп мәлімдеді консорциумның баспасөз қызметі.

КТК болған оқиғаны мақсатты террористік шабуыл деп атап, теңіз терминалы мен азаматтық кемелерге жасалған шабуыл консорциумға қатысушы барлық елдердің мүдделеріне әсер ететінін мәлімдеді.

«Бұл халықаралық құқық қорғауындағы таза азаматтық нысанға қарсы тікелей агрессияның бесінші актісі», — делінген компанияның мәлімдемесінде.

Консорциум КТК жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Құбыр жүйесі арқылы Қазақстанның ірі кен орындары — Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтан мұнай тасымалданады.

2025 жылы терминал арқылы шамамен 70,5 млн тонна мұнай өткізілді, бұл көлемнің 75%-дан астамы «Теңізшевройл» (Chevron), ExxonMobil, «ҚазМұнайГаз», Eni және Shell сияқты әлемдегі ең ірі жүк жөнелтушілерге тиесілі болды.

Бұған дейін «Курсив» 8 шілдеде ұшқышсыз ұшу аппараттары КТК терминалынан қазақстандық мұнай тасымалдау үшін пайдаланылған Chevron мұнай танкеріне шабуыл жасағанын жазған болатын.

17 шілдеде КТК теңіз терминалына бара жатқан Nordic Zenith танкеріне шабуыл жасалғаны белгілі болды. Сол кезде экипаж өртті өз бетінше сөндірді, зардап шеккендер болған жоқ.

Оқиғадан кейін Қазақстан Энергетика министрлігі қазақстандық мұнай экспортына қауіп жоқ деп мәлімдеді. Ведомство технологиялық инфрақұрылымның қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын және КТК белгіленген кесте бойынша жүк операцияларын жалғастырып жатқанын атап өтті.

Алайда 19 шілдедегі жаңа шабуылдан кейін консорциум болған оқиғаның салдарын бағалау үшін мұнай тиеуді уақытша тоқтатқанын хабарлады.