Қазақстан шілде айында Каспий құбыр консорциумының (КТК) инфрақұрылымына жасалған шабуылдар салдарынан мұнай мен газ өндірісінің төмендеуіне байланысты $700 млн астам қаражат алмай қалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Энергетика және инвестиция саласындағы сарапшы Олжас Байдильдинов Reuters агенттігі жариялаған деректерге түсініктеме бере отырып, мұндай баға берді.
Reuters дереккөздерге сілтеме жасап, 2026 жылдың шілдесінде Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндіру маусыммен салыстырғанда 14%-ға төмендегенін хабарлады.
Байдильдиновтің айтуынша, шілдеде өндіріс 7,6 млн тоннаны немесе тәулігіне шамамен 1,85 млн баррельді құрады, ал бір ай бұрын бұл көрсеткіш 8,6 млн тоннаға немесе тәулігіне 2,16 млн баррельге жеткен еді.
Сарапшының сөзінше, кейбір күндері өндіріс көлемі 50%-дан астамға қысқарған. Ол мұны Қазақстан мұнайының экспортына әсер еткен КТК танкерлері мен инфрақұрылымына жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдарымен байланыстырады.
Байдильдинов 2025 жылы Қазақстан ай сайын орта есеппен 8,3 млн тонна мұнай мен газ конденсатын өндіргенін еске салды. Оның айтуынша, сала КТК нысандарына қараша айында жасалған шабуылдан кейін ғана қалпына келе бастаған еді, соның салдарынан екінші шығару причалы істен шыққан, алайда жаңа оқиғалар өндірістің өсуін қайтадан шектеді.
Сарапшы шілдеде Brent мұнайының орташа бағасы барреліне шамамен $87 болғанын атап өтті. Оның есептеулері бойынша, өндірістің шамамен 1 млн тоннаға қысқаруына байланысты ел мұнай табысынан кемінде $635 млн алмай қалды.
«Газ өндірісінің төмендеуін ескере отырып, бұл жетіспейтін сома тек шілде айында $700 млн-нан оңай асады», – деді Байдильдинов.
КТК соңғы кездері бірнеше рет шабуылдардың нысанасына айналды. 2025 жылдың ақпанында жеті ұшқышсыз ұшу аппараты ең ірі мұнай айдау станциясы «Кропоткинскаяға» соққы берді. Осыдан кейін жүйе бойынша мұнай айдау 30-40%-ға қысқарды.
Күзде теңіз терминалының причал құрылғыларының бірі зақымданды. Ал 2026 жылдың шілдесінде шабуылдардың жаңа толқыны болды: қазақстандық мұнайды тасымалдаған Nordic Zenith, ASIA, NISSOS IOS және NELSA танкерлері зақымданды. Осыған байланысты КТК мұнай қабылдауды және тиеуді уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.
Алдыңғы күні Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов реттеуші КТК арқылы мұнай экспортының уақытша тоқтатылуына байланысты теңге бағамының күрт ауытқуын күтпейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар, Ұлттық банк бағамның нарықтық емес ауытқулары байқалған жағдайда шаралар қабылдауға дайын.
Сонымен қатар, ҚР Энергетика министрлігі қазақстандық мұнайды қабылдаудың жақын арада қайта басталуына үміттенеді.
