Ресей Түркияның Украинаға қатысты жағдайды бейбіт арнаға бұруға көмектесуге дайын екенін біледі және бұл үшін Анкараға ризашылық білдіреді, деді Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Журналистер Песковтан Түркияның делдалдығымен Украинадағы жағдайды бейбіт жолмен реттеу жөніндегі келіссөздерді қайта бастау перспективаларын Кремль қалай бағалайтынын сұрады. Бұған дейін Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан Түркия бұл іске көмек көрсетуге дайын екендігін айтқан болатын.

«Біз түрік достарымыздың Украина төңірегіндегі жағдайды бейбіт жолмен реттеуге бағытталған үдеріске жәрдемдесуді жалғастыруға дайын екенін жақсы білеміз. Осы үшін түрік тарапына ризашылығымызды білдіреміз», — деді Песков тілшілерге.

Фидан бұған дейін қиын жағдайға қарамастан, Түркияның Украинадағы атысты тоқтатуға үміт артатынын және қақтығысты реттеу мүмкіндіктері сақталып отыр, деп санайтынын мәлімдеген болатын.