Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемеден кейін кредиттердің мөлшерлемесі қалай төмендейтінін айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы төмендетті. Осылайша, маусым айынан бастап базалық мөлшерлеме 18 проценттен 16,25-ке дейін түсті.
Банк басшысы Тимур Сүлейменовтың айтуынша, базалық мөлшерлеме өзгергеннен кейін коммерциялық банктер бірден кредиттердің мөлшерлемесін төмендетпейді. Себебі банктер ақшаны қарызға алғанда және бергенде кредит туралы келісімшарттарда нақты мөлшерлеме бекітіледі. Келісімшарт мерзіміне қарай мөлшерлеме де қайта қаралуы мүмкін.
«Шамамен, 9-12 ай, кейбір кредиттік өнімдер бойынша одан көп уақыт керек. Қазірдің өзінде кредиттердің мөлшерлемесі төмендеп келеді. Мысалы, экономикадағы кредиттердің мөлшерлемесін қарасаңыз, жыл басынан бері шамамен плюс-минус 1 процентке төмендеді. Сондықтан кредиттердің мөлшерлемесі төмендейді деп нақты айта аламыз», – деді Сүлейменов Астанада өткен брифингте.
Айта кетері, Ұлттық банк бекітетін базалық мөлшерлеме төмендеген сайын кредиттер қолжетімді болуы керек. Себебі қарызға алынатын ақшаның проценттік үстемеақысы азаяды. Алайда базалық мөлшерлемемен бірге депозиттердің мөлшерлемесі де төмендейді.
