8 қыркүйекте Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалының маңында пилотсыз ұшу аппаратының қатысуымен оқиға болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан Энергетика министрлігінің мәліметінше, ШАҚ-3 және ШАҚ-2 (шығыңқы айлақ құрылғылары) кемелерін тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Алайда тексерулерден кейін олар қалыпты режимде қайта жұмыс істей бастады.

Министрлік қазақстандық жүк тасымалдаушылардан мұнай қабылдауға ешқандай шектеулер қойылмағанын атап өтті.

«КҚК жүк жүйелері мен танкерлерін қажетті тексеруден өткізгеннен кейін, одан әрі тиеу жұмыстарына әсер ететін ешқандай мәселе анықталған жоқ», – делінген мәлімдемеде.

9 қыркүйекке қараған түні Украина Новороссийскіге дрон шабуылын жасады. КҚК терминалы Новороссийскінің маңында орналасқан.

КҚК құбыры арқылы Қазақстан мұнай экспортының 80%-ы тасымалданады.