Каспий құбыр консорциумы (КҚК) теңіз терминалының акваториясында Украина қарулы күштері тарапынан азаматтық танкерге жаңа шабуыл жасалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

КҚК мәліметінше, №1-ші бір нүктелі айлақта (SPM) тиеу жұмыстары жүргізіліп жатқан NELSA танкеріне дронмен шабуыл жасалды. Кеменің оң жақ бортының артқы бөлігіне соққы тигеннен кейін палубада және танкер бөлімшелерінде өрт шықты. Өртті танкердің тиеу бригадалары мен теңіз кемелеріндегі КҚК-ның жедел әрекет ету топтары бірнеше сағат ішінде сөндірді.

Танкердің халықаралық экипажының 22 мүшесі (капитан мен аға көмекшісін қоспағанда) эвакуацияланды. Резервуарларда мұнайдың төгілуі немесе жану оқиғасы тіркелген жоқ, дейді консорциум.

Консорциум мәлімдемесінде: "19 шілдеде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Энергетика министрлігінің шабуылдарды қатаң айыптауына қарамастан, 2026 жылдың 20 шілдесінде КҚК теңіз терминалында азаматтық мұнай танкеріне тағы да шабуыл жасалды... Біз КҚК-ға мүше мемлекеттерден бұл шабуылдарды айыптауды және халықаралық құқықты қатаң сақтай отырып, ҚР аумағындағы халықаралық консорциумдар өндірген көмірсутектерді экспорттауға пайдаланылатын инфрақұрылымға жасалатын шабуылдарды тоқтату жөніндегі нақты шараларды әзірлеуді күтеміз", — делінген.

КҚК — Каспий өңірінен әлемдік нарықтарға мұнай тасымалдаудың ең ірі бағыты және Қазақстан үшін негізгі маршрут болып табылады. Ол ел экспортының 80%-дан астамын қамтамасыз етеді.