Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне телефон алаяқтығымен айналысқан қылмыстық топты ұстап бергені үшін алғыс айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті алаяқтықпен айналысқан колл-орталықты анықтағанын хабарлаған болатын. Сол кезде Корея Республикасының 14 азаматы ұсталды. Олар өз жерлестеріне телефон шалып, алдау арқылы ақша ұрлаған.
Корея президенті Ли Чжэ Мённің айтуынша, бұл қылмыстық топ Камбоджа мен Вьетнамнан халықты алдаған. Одан кейін олар Қазақстанға жасырын өтіп кеткен. Қазіргі уақытта оларға қатысты тергеу шаралары басталды.
«Ұстау шарасынан бастап елге жеткізуге дейінгі жұмыстың жедел атқарылуы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің белсенді қолдауы мен ынтымақтастығының арқасында мүмкін болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға және тиісті тараптарға шын жүректен алғысымызды білдіреміз», - деп жазды қазақ тілінде Корея басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Осы орайда Ли Чжэ Мён келесі айда өтетін «Корея Республикасы – Орталық Азия» саммитінде Тоқаевпен тікелей жүздесіп, алғысын жеке өзіне жеткізуге ниетті екенін де ерекше айтты.
