Биылдан бастап Қазақстанда 30 тамыз ұлттық мереке күні емес. Бұдан былай Конституция күні 15 наурызда тойланады. Себебі дәл сол күні Ата заңның жаңа нұсқасы жалпыхалықтық референдумда қабылданды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ең алғашқы нұсқасы неге өзгерді

Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Конституциясы 1993 жылдың 28 қаңтарында қабылданған болатын. Оған дейін 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясын қолданған. Егемен елдің алғашқы Ата заңы қабылданса да, осы құжатта ескі әкімшіл-әміршіл ережелер көп болды. Атап айтқанда, адамның жеке құқығы мен бостандығы, үкімет билігін жүргізу нысандары, демократиялық институттардың қызметі нақты айқындалмаған еді.

Содан араға екі жыл салып, 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдум өткізілді. Соның нәтижесінде 9 тараудан және 98 баптан тұратын жаңа Конституция қабылданды. Былтыр 30 жылдық тарихы бар Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болған.

Назарбаевтың тұсында неше рет өзгеріс енгізілді

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында Конституцияға бес рет өзгеріс енгізілген болатын.

  • 01**2007 жыл, 21 мамыр.** Мәжіліс депутаттары толығымен партиялық тізіммен сайланатын болды, ал Конституцияға "бір адам қатарынан екі реттен артық республика президенті болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстанның тұңғыш президентіне – Елбасыға қолданылмайды" деген түзету де енгізілді.
  • 02**2011 жыл, 2 ақпан.** Конституцияға "Елбасы" анықтамасы енгізілді, оған кезектен тыс сайлауды жариялауға өкілеттілік берілді. Ата заңда Назарбаев "жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы" деп аталды.
  • 03**2017 жыл, 10 наурыз.** Қауіпсіздік кеңесі Қазақстанның бас конституциялық органына айналды, үкімет президентке ғана емес, парламентке де есеп беретін болды.
  • 04**2019 жыл, 23 наурыз.** Конституцияда Қазақстанның елордасы – Астана қаласының атауын "Нұр-Сұлтан" деп ауыстырды. Бірақ үш жылдан кейін қаланың бұрынғы атауы қайтарылды.

Осылайша, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару формасы қалыптасты. 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев осы жүйені өзгертуге кірісті.

Тоқаев енгізген өзгерістер

2022 жылдың 5 маусымында Қазақстанда бүкілхалықтық референдум өтті. Соның нәтижесінде Конституциядан суперпрезиденттік басқару формасын алып тастады. Есеп беретін үкімет пен ықпалды парламенті бар президенттік республикаға басымдық берілді.

Негізгі өзгерістер:

  • 01Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде тұңғыш президент туралы тұжырым және оның Елбасы (ұлт көшбасшысы) мәртебесі алынып тасталды.
  • 02Президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқару құқығынан айырылды.
  • 03Мәжіліске аралас жүйемен сайлау енгізілді, ал депутаттардың саны 107-ден 98-ге дейін қысқартылды.
  • 04Мемлекет басшысына қандай да бір партияны басқаруға тыйым салынды.
  • 05Президент жеті жылға бір рет қана сайланады.
  • 06Сондай-ақ қазақстандықтар оған өз бетінше жүгіне алатын Конституциялық сот құрылды.
  • 07Қазақстанда адам құқықтары мен бала құқықтары уәкілдерінен бөлек халықтың осал санаттарының құқықтары мен бизнес омбудсмендер құрылды.

Жаңа Конституция қалай қабылданды

2025 жылы президенттің жолдауы кезінде бір палаталы парламент – Құрылтайды құруға ұсыныс жасалды. Ал ондай бастаманы іске асыру үшін Конституцияға тағы өзгеріс енгізу керек. Артынан комиссия мүшелері жаңа Конституция қабылдау керек деген шешімге келген. Себебі Ата заңның 84 пайызын жаңартуға тура келеді.

Негізгі өзгерістер:

  • 01бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтайды құру;
  • 02вице-президент институтын енгізу;
  • 03Қазақстанның Халық Кеңесін құру;
  • 04адвокаттық қызметке және адвокатураға арналған арнайы бапты алғаш рет бекіту;
  • 05зияткерлік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз ету;
  • 06азаматтардың құқықтарына кепілдік беруді күшейту (жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күшіне жол бермеу, құқық бұзушылық үшін қайтадан жауапқа тартпау);
  • 07кәмелетке толған балалардың еңбекке жарамсыз ата-анасына қарау міндеті;
  • 08"Миранда ережесін" бекіту.

Бұдан бөлек, парламент Конституцияға өзгеріс енгізе алмайды. Ондай шешімдер тек жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданады.

Келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік

Президенттің айтуынша, жаңа Конституция – көне заманнан бері бабаларымызға бағдар болған дала заңдарының бүгінгі жалғасы, ұрпақтар арасындағы сабақтастық көрінісі.

"Біз Халық Конституциясын келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді терең сезіне отырып қабылдадық. Ата заң – қуатты, күшті, бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа Жарғысы. Заман талабына сай жаңғырған бас құжат мемлекеттігіміздің сан ғасырлық тарихынан хабар береді. Қазіргі Конституция нағыз Ұлт заңы деген атқа лайық."