Ресей азаматы Эльмира Горбаева Конаевте екі полиция қызметкері оны зорлады деп бұрын айтқан мәлімдемесін жоққа шығарды. Жаңа үндеуінде ол өзінің адасқанын жеткізіп, полицияға тергеу жүргізгені үшін алғыс айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Горбаева бұрынғы бейнематериалдарын таратуды тоқтатуды сұраған мәлімдеме жариялады.
«Бұрын жариялаған мәлімдемелерімді жоққа шығарғым келеді. Полиция қызметкерлерінің қатысы туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», — деп жазды Эльмира Горбаева.
Бейнеүндеуінде ресейлік әйел өзіне қатысты қылмыс жасаған адамдар өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырғанын түсіндірді. Оның айтуынша, кейін олардың біреуі қылмыстық іздеуде екені анықталған.
Ол сондай-ақ полиция объективті тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеп, жағдайды бейнежазбада толығырақ айтып беретінін уәде етті.
«Полиция объективті тергеу жүргізіп жатыр, ол үшін алғыс білдіремін. Барлық жағдайды бейнежазбада толық айтып беремін», — деді Горбаева.
Горбаева бұрынғы мәлімдемелерін күйзеліске түскен эмоционалдық жағдайымен, үреймен және нақты ақпараттың болмауымен түсіндірді. Ол сондай-ақ өзінің жағдайын өз мүддесіне пайдаланған үшінші тұлғаның әсер еткенін алға тартады.
Ресейлік әйелдің айтуынша, ол қылмыс жасады деп айыптаған адамдар ұсталған. Ол бұрынғы мәлімдемелері үшін полициядан кешірім сұрап, қызметкерлерге жұмысы үшін алғыс айтты.
«Қолдау көрсеткендеріңізге рахмет! Толық мәліметті жариялай алмаймын. Бұрынғы бейнематериалдарымды таратуды тоқтатуды сұраймын», — деп жазды Горбаева.
