Мемлекет басшысы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевты қабылдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Президентке Қытай Халық Республикасында ұйымдастырылған Alatau City Roadshow қорытындысы туралы мәлімет берілді. Қанат Бозымбаев халықаралық таныстырылым аясында 20 іс-шара мен бірқатар кездесу өткенін айтты. Нәтижесінде жалпы сомасы 6,4 миллиард доллар болатын 30 келісім мен меморандумға қол қойылған.

Кездесуде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының орындалу барысы қарастырылды. «Биыл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңартуға 1,1 триллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл – тәуелсіздік жылдарында салаға бағытталған ең қомақты сома. Қаржыландыруды отандық және халықаралық қаржы институттары қамтамасыз етеді. Аталған шаралар үш жыл ішінде коммуналдық желілердің тозуын 40 пайызға дейін қысқартады», - деп жазылған хабарламада.

Мемлекет басшысы энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларына отандық тауар өндірушілерді кеңінен тарту қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар еліміздегі, әсіресе, оңтүстік облыстардағы вегетация кезеңін айрықша бақылауды ұстауды тапсырды.

Бұдан бөлек, Алатау қаласын дамытуға арналған орнықты модель қалыптастырудың, дүние жүзінен капитал тартып, инновацияларды игеру үшін қолайлы орта құрудың маңызына тоқталды. Үкіметке Алатау қаласының инфрақұрылымына қажетті қаржы бөлу міндетін жүктеді.