Колумбияның Пуэрто-Легуисамо қаласында әскери ұшақ апатқа ұшырап, кемінде 66 адам мерт болды, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Қаза тапқандардың 58-і – Ұлттық армияның, алтауы – Әскери-әуе күштерінің, екеуі – Ұлттық полицияның қызметкері. Апат болған C-130 Hercules ұшағының бортында барлығы 128 әскери қызметші болған. Құтқарушылар үйінділер арасынан мәйіттерді іздестіріп жатыр.

Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, генерал Карлос Фернандо Сильва Руэданың айтуынша, ұшақ Пуэрто-Легуисамодан Пуэрто-Асиске бет алған. Оқиға орнына жақын жерде Әскери-теңіз күштерінің базасы орналасқандықтан, әскери бөлімдер зардап шеккендерге жедел көмек көрсетті.

«Біз жараланғандарды тасымалдау үшін 50 зембілге арналған санитарлық ұшақ жібердік. Оның соңынан 24 зембілі бар тағы бір ұшақ ұшады, – деді генерал.»

Зардап шеккен сарбаздар Нейва, Флоренция және Богота қалаларындағы ауруханаларға жеткізіліп жатыр.

Елдің Қорғаныс министрі Педро Санчестің мәліметінше, ұшақтың техникалық жағдайы жақсы болған. Ол әуежайдан ұшып шыққаннан кейін шамамен бір жарым шақырым жерге құлаған. Министр сырттан ешқандай шабуыл белгілері жоқ екенін, өрт салдарынан ұшақ ішіндегі әскерилер тасымалдаған оқ-дәрілердің бір бөлігі жарылғанын айтты.