Қазақстанда 25 маусымнан бастап техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжат қабылдау басталады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

"2026–2027 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша колледждерге 140 мың орын бөлінді", - делінген ресми хабарламада.

Талапкерлер құжатты Egov.kz порталы арқылы немесе колледжге барып тапсыра алады. Орта буын мамандықтары мен қолданбалы бакалавриатқа түсушілер үшін конкурс міндетті. Оған қоса, бейіндік пәндер бойынша аттестаттың орташа балы ескеріледі.

Жұмысшы біліктілігін алуға ниетті түлектер әңгімелесу нәтижесі бойынша қабылданса, педагогикалық мамандық таңдайтындар эссе немесе диктант жазады. Медициналық және шығармашылық мамандықтар бойынша да шығармашылық емтихандар қарастырылған.

Құжаттарды қабылдау мерзімдері

  • 01Жұмысшы біліктілігі бойынша - 25 маусымнан 27 тамызға дейін;
  • 02Орта буын мамандықтары бойынша (9 және 11 сынып базасында) - 25 маусымнан 22 тамызға дейін;
  • 03Шығармашылық мамандықтар бойынша - 25 маусымнан 20 шілдеге дейін;
  • 04Педагогикалық мамандықтар бойынша - 25 маусымнан 10 тамызға дейін;
  • 05Медициналық мамандықтар бойынша - 9 сынып базасында 25 маусымнан 10 тамызға дейін, 11 сынып және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім базасында 25 маусымнан 15 тамызға дейін;
  • 06Кешкі оқу нысаны бойынша - 25 маусымнан 20 қыркүйекке дейін.

Колледждерге қабылдау кезінде квота қарастырылған.