Көлік министрлігі жүргізушілерді жолдардағы ауа райының қолайсыздығын ескеруге шақырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның мәлімдеуінше, алдағы күндері еліміздің солтүстік және орталық өңірлерінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ауа райы қолайсыз болады деп болжанып отыр.

«Қар аралас жаңбыр және қар жауып, ауа температурасы төмендейді, жел күшейіп, көріну қашықтығы нашарлауы мүмкін», — деп ескертті ведомство.

Қолайсыз ауа райы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарымен қатар, жергілікті жолдардағы жағдайға да әсер етуі мүмкін.

«Мұндай жағдайда жолдағы ахуал күн ішінде өзгеруі ықтимал. Ауа температурасы төмендеген кезде жолдың ылғал жабыны тайғақ болуы мүмкін, ал жауын-шашын мен тұман көріну қашықтығын төмендетеді. Осыған байланысты жүргізушілерге қауіпсіз жылдамдықты таңдап, арақашықтықты сақтап, күрт маневрлерден аулақ болу маңызды», — дейді мамандар.

Көлік министрлігі әрбір сапар алдында мына шараларды ұсынады:

  • 01ауа райы болжамымен және бағыт бойынша жолдардың жағдайымен алдын ала танысу;
  • 02сапар уақытын ауа райы жағдайын ескере отырып жоспарлау;
  • 03белгіленген жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтау;
  • 04көпірлерде, жол өткелдерінде және ашық учаскелерде ерекше сақ болу;
  • 05ауа райы күрт нашарлаған жағдайда сапарды мүмкіндігінше кейінге қалдыру.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайы туралы ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін «ҚазАвтоЖол» call-орталығынан 1403 нөмірі арқылы алуға болады.