Көкшетауда тоқтан қайтыс болған 18 жастағы бозбаланың өліміне қатысты тың дерек шықты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін 18 және 17 жастағы екі жігітті "металмен жұмыс істеп жатқанда" тоқ соққаны туралы ақпарат тараған болатын. Жұмыс кезінде қатты жел соғып, металл электр желісіне құлаған. Салдарынан екеуін де тоқ соққан. 18 жастағы бозбала қайтыс болды, екіншісі жан сақтау бөліміне түсті.
Almaty.tv арнасы таратқан мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға көлік жуу орнында болған. "18 жастағы жұмысшы және оның көмекшісі металл конструкцияларын бұзған. Сол кезде конструкциялардың біреуі байқамай, жоғары кернеулі электр сымына тигізіп алды. Ол оқиға орнында көз жұмды", - делінген хабарламада.
17 жастағы бозбала жан сақтау бөлімінен шықты. Қазіргі кезде ауруханада ем-дом алып жатыр. Ал полиция қылмыстық іс қозғады.
