Көкшетауда 8 қазанда жоғалған төрт жасар Алан құрылыс алаңындағы су толған шұңқырдан өлі күйінде табылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Анасы ұлын жұмысқа алып барған, өйткені оны қарайтын ешкім болмаған. Бала байқатпай сыртқа шығып кетіп, жоғалып кеткен. Ол ғимаратты тінтіп, содан кейін көмек сұраған. Келген құтқарушылар мен еріктілер бала бір жерде ойнап жүріп ұйықтап қалған болар деп үміттенген. Алайда бейнебақылау камералары оның сыртқа шығып, көршілес құрылыс жүріп жатқан аумаққа қарай бет алғанын көрсеткен.
«Құрылыс алаңының көп бөлігі бетондалған. Қараңғы түскендіктен, бұл бетонда септикке арналған шұңқыр барын көру мүмкін болмады. Ол жай ғана шалшыққа ұқсады. Біз еріктілермен бірге бұл шалшықтан бірнеше рет өттік. Бір еріктіміз өзі сонда құлап кете жаздады. Бірақ баланың сонда құлауы мүмкін деген ой келмеді», — деді ерікті Оксана Даронина.
Телеарнаның мәліметінше, Аланның анасының бірінші жұмыс күні болған. Ол өндіріске сыпырушы болып орналасқан, бірақ маман болуды жоспарлаған. Әйел ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп, оны қарайтын ешкім болмағандықтан өзімен бірге алып келген.
Бала табылған құрылыс алаңының қақпасы ашық болған.
«Іздестіру іс-шаралары барысында бала ашық құдықтан табылды. Алдын ала мәліметтер бойынша, зорлық-зомбылықтан қайтыс болу белгілері анықталған жоқ. Қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», — деді Ақмола облысы ПД ақпараттық саясат бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Асем Абдрахманова.
Еріктілер Аланның отбасын жақсы білетінін және бұрын оның анасына материалдық көмек көрсеткенін айтты. 9 қазан күні таңертең белсенділер баланы жерлеуге қаражат жинауды жариялады. Қаланың бей-жай қарамайтын тұрғындары қажетті соманы бірнеше сағаттың ішінде жинап берді.
