Көкшетауда 12 маусымға қараған түні қала орталығында болған оқиға тергелуде. Полиция мәліметінше, шетел азаматы Абылай хан алаңындағы саябақ мүлкін өртемек болған, алайда нәтижесінде өзі ауыр жарақат алған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Кадрларда өрт көрініп, жарақат алған ер адамның айқайы естіледі.
Оқиға мемлекеттік мекемелер ғимаратының жанында болған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жеткен. Құқық қорғау органдарының ақпараты бойынша, ер адам масаң күйде болған.
Полицейлер өртті сөндіріп, жедел жәрдем келгенге дейін зардап шеккенге алғашқы көмек көрсеткен.
«Шетел азаматы масаң күйде саябақ мүлкін өртемек болған, алайда нәтижесінде өзі ауыр жарақат алды», – деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаментінен.
Зардап шеккен Ақмола көпсалалы облыстық ауруханасына жеткізілген. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1988 жылы туған ер адам өте ауыр күйік алған.
«1988 жылы туған ер адамның денесінің 95% күйік шалған. Ол реанимацияда өте ауыр жағдайда жатыр. Емдеу күйік медицинасы мамандарымен бірлесіп анықталады», – деп хабарлады дәрігерлер.
Қазіргі уақытта дәрігерлер оның өмірі үшін күресуде. Полицияның хабарлауынша, оқиғадан аз уақыт бұрын ер адам масаң күйде қоғамдық орында болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының дерегінше, ол бұрын да бірнеше рет қоғамдық тәртіпті бұзған.
Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Болған оқиғаның мән-жайы, шетел азаматының әрекетінің себептері және келтірілген залалдың мөлшері анықталуда.
