Көкшетауда №20 мектеп оқушыларының ата-аналары қоғамдық көлік мәселесін шешуді сұрады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желіде автобусқа сыймай жатқан оқушылардың видеосы тарап кетті. Ата-аналардың айтуынша, автобустардың лық толы болғаны соншалық, оқушылар бірден мініп кете алмайды.
Әзірге ауа райы аялдамада тұрып, келесі автобусты күтуге мүмкіндік береді. Алайда күн суытып, қыс түскен кезде автобусты күту мектеп оқушылары үшін үлкен мәселеге айналуы мүмкін.
Ата-аналар бұл жағдайға назар аударып, мәселенің шешімін табуды сұрайды. Олар балаларды мектеп автобусымен тасымалдауды ұйымдастыруды немесе қарбалас уақытта қоғамдық көлік рейстерінің санын көбейтуді ұсынды.
Жарияланымға Көкшетау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі пікір білдірді. "Қоғамдық көлік санын биылғы жылдың 15 қыркүйегіне дейін көбейту мәселесі бойынша ұйымға тиісті хабарлама жолданады", - деді олар.
