Көкшетауда 18 жастағы бозбаланы электр тоғы соғып қайтыс болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға 22 шілдеде болған. 18 және 17 жастағы екі жігіт металмен жұмыс істеп жатқанда тоқ соққан. Жұмыс кезінде қатты жел соғып, металл электр желісіне құлаған. Салдарынан екі бозбаланы тоқ соққан.
Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 22 шілдеде 103 желісіне электр жарақатына байланысты қоңырау түскен. Алдын ала мәліметтер бойынша, 2008 жылы туған жас жігітті электр тоғы соққан. Жедел жәрдем бригадасы келгенде жігіт қайтыс болған.
Оқиға орнында бірге болған 17 жастағы бозбала аман, ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер оның өміріне қауіп жоқ дейді.
