Көкшетау тұрғыны танысының ұялы телефонын ұрлап, банк депозитінде сақталған 1,99 млн теңгені өз шотына аударып алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық полицияның мәліметінше, жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын 2,6 млн теңгеден асты.
21 жастағы қала тұрғыны құны 660 мың теңге тұратын телефонын шілде айында танысы ұрлап кеткенін айтқан.
"Кейін күдікті телефондағы банк қосымшасын пайдаланып, жәбірленушінің депозитінде сақталған 1 млн 990 мың теңгені өз шотына аударған", - деп жазылған хабарламада.
Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктінің кім екенін анықтап, оны ұстады.
Қазір аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды смартфон мен банк қосымшаларына қолжетімділікті бөгде адамдарға бермеуге, сенімді құпиясөздерді пайдалануға және қаржылық операцияларды қосымша растау тәсілдерін қосуға шақырды.
Таныс адамға да телефон мен банк деректерін бақылаусыз пайдалануға беруге болмайды.
