Көкшетау қаласының тұрғыны шетелде жұмысқа орналастыруға уәде беріп, алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақмола облыстық сотының мәліметінше, 2024 жылдан бастап жеке кәсіпкер азаматтарға шетелде жұмысқа орналасу үшін құжаттарды рәсімдеу бойынша қызмет көрсетумен айналысқан. Ол әлеуметтік желіде өзін блогер ретінде таныстырып, көрсететін қызметтері туралы ақпарат орналастырған.
Азаматтарды адастыра отырып, шетелде жұмысқа орналастыру туралы шарттар жасасқан, виза мен медициналық сақтандыруды рәсімдеуге уәде берген, Англияға ұшу уақытын талқылаған және көрсетілетін қызметтері үшін ақшалай қаражат алған.
«Құжаттарды жалған рәсімдеп, қызмет үшін әрбір жүгінген азаматтан 250 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін ақша алған. Ақшаны алғаннан кейін өзіне алған міндеттемелерін орындамаған және жауапкершіліктен жалтарған (кездесулерден қашқан, телефон қоңырауларына жауап бермеген)», — деп жазылған хабарламада.
Ол қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде Көкшетау, Астана, Қарағанды қалаларының, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының 92 азаматына тиесілі жалпы сомасы шамамен 70 млн теңге ақшалай қаражатты иемденген.
Сот үкімімен оған 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сондай-ақ азаматтардың ақшалай қаражатын коммерциялық және өзге де қызметке тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға айырылды.
Алайда оның кәмелетке толмаған екі баласының болуына байланысты бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу 1 жылға кейінге қалдырылды.
28 жәбірленушінің азаматтық талап қоюлары қанағаттандырылып, жәбірленушілердің пайдасына әрқайсысына 200 мың теңгеден бастап 1 миллионнан астам теңгеге дейін сомада келтірілген материалдық залал өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
