Көкшетау мұражайларының біріне түнде белгісіз адам кіріп, техникалық жабдықты сындырған. Алдын ала келтірілген шығын шамамен бір миллион теңгеге бағаланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 12 қыркүйекке қараған түні болған. Ер адам цоколь қабатындағы терезені сындырып, ғимаратқа кірген. Содан кейін ол техникалық жабдық орналасқан бөлмеге жеткен.

Онда сымдар, пломбалар, датчиктер және жүйенің басқа да элементтері зақымдалған. Жылыту жүйесі де зардап шеккен.

«Полиция бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру туралы бап бойынша тергеу бастады. Жедел іс-шаралар барысында полицейлер 32 жастағы ер адамды анықтады. Қазіргі уақытта оның оқиғаға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», — деп хабарлады департаментте.

Бұған дейін «Курсив» Шымкенттің жаңа скверіндегі шахмат беседкасын вандалдардың бүлдіргені туралы жазған болатын.