Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышев Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын газбен қамтамасыз етуге арналған «Ишим – Астана» газ құбырының құрылысы қашан басталатынын айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оның айтуынша, өткен жылы бұл жобаға қатысты ресейлік «Газпром» компаниясымен тиісті меморандумға қол қойылған.

«Қазіргі уақытта QazaqGaz ұлттық компаниясы мен «Газпром» акционерлік қоғамы газды тасымалдау тарифіне қатысты келісімшарттың шарттарын талқылап жатыр. Осы келісімдер бойынша түпкілікті шешім қабылданғаннан кейін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс жұмыстарын бастауға кірісеміз», – деді Тұтқышев үкіметтегі брифингте.

Вице-министрдің айтуынша, газ құбырының құрылысы 2030 жылға дейін аяқталып қана қоймай, сол уақытқа дейін құбыр арқылы алғашқы газ да жеткізілуге тиіс.

«Келісімшарттарға қол қойылғаннан кейін жұмыс басталады. Келесі жылы жобалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтеді. Ал жыл соңында алғашқы құрылыс жұмыстары қолға алынады», – деп түйіндеді вице-министр.