Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында қазақ халқының бай мұрасы мен ұлттық құндылықтарын ұлықтайтын дәстүрлі «Көкмайса – даланың тірі тарихы» этнофестивалі басталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Өңірде бір мезетте 35 киіз үй тігіліп, 15 мыңға жуық қонақ жиналды. Фестивальдің ең әсерлі сәттерінің бірі – бір мезетте 500 биенің сауылуы болды. Бұл көрініс ұлттық дәстүрдің өміршеңдігін айшықтап, жиналған жұртшылықтың ерекше ықыласына бөленді.
Сонымен қатар қазақ халқының көне «Қымызмұрындық» дәстүрі сахналанып, ауыл ақсақалдары ақ батасын берді. Қонақтар мен көрермендерге жаңа сауылған қымыз ұсынылып, ұлттық ойындар мен дәстүрлі өнер көрсетілімдері ұйымдастырылды.
Фестиваль аясында еліміздің әр өңірінен келген этноауылдар ұйымдастырылып, киіз үйлер көрмесі жұртшылық назарына ұсынылды. Келушілер ұлттық тағамдардан дәм татып, салт-дәстүр көріністерін тамашалады және қолөнер шеберлерінің туындыларын көрді.
