Астанадан 160 шақырым қашықтықта орналасқан Көбейтұз көлі ерекше қызғылт реңкімен танымал. Жақын арада ол ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие болады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Осы мақсатта «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы кеңейтіліп, оның құрамына Көбейтұз көлінің акваториясы енгізіледі. Бұл көлдің бірегей экожүйесін тиімді қорғауға мүмкіндік береді», - деп хабарлайды Ақмола облысының әкімдігі.
Келушілер санының артуы тиісті инфрақұрылымды дамытуды талап етеді. Осыған байланысты көлге ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беру жұмыстарымен қатар, Ақмола облысының әкімдігі жағалау аумағын абаттандыруға кіріседі.
«Мұнда бақылау алаңы мен автотұрақ салынып, тұрғындар мен қонақтарға табиғи құбылысты қауіпсіз тамашалап, суретке түсіруге жағдай жасалады. Бұл ретте көлдің нәзік экожүйесіне зиян келтірмеу басты назарда болады», - делінген хабарламада.
Бұған дейін Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы көл суының гидрохимиялық қасиеттеріне зерттеу жүргізген. Сараптама нәтижелері бойынша аммонийлі азот, аммиак, хлоридтер, мышьяк, сульфаттар және басқа да бірқатар заттардың мөлшері шекті рұқсат етілген концентрациядан жоғары екені анықталды. Осыған байланысты көлде шомылуға және оның жағалауынан тұз жинауға қатаң тыйым салынды.
«Абаттандыру жұмыстары жүргізілетін кезеңде Көбейтұз көліне қолжетімділік уақытша шектеледі. Жағалау сызығына жақындауға және белгіленген шектеу аймағынан өтуге рұқсат етілмейді. Көлге кіреберістерде тәулік бойы бақылау бекеттері қойылып, аумақты полиция қызметкерлері мен уәкілетті органдар бірлесіп патрульдейді», - деді әкімдік.
Ақмола облысының әкімдігі өңір тұрғындары мен қонақтарын белгіленген талаптарды, табиғат қорғау заңнамасын сақтауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады.
