Австралияның оппозициялық Коалициясы ту өртеуді қылмыс деп тануды ұсынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Коалицияның қаржы министрі Энгус Тейлор бұл ұсыныстың One Nation партиясының ықпалын төмендету әрекеті екенін жоққа шығарып, елдің туын қорғау үшін бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын енгізу қажеттігін айтты.
One Nation жетекшісі Полин Хэнсон бұған дейін ту өртегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді бірнеше рет талап еткен. Өткен жылы партияның бұл үндеуін шамамен 50 мың адам қолдаған.
Жексенбіде жарияланған бағдарламаға сәйкес, Австралия туын қоғамдық орында қасақана қорлағаны үшін кінәлі деп танылған адам 12 айға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ бұл әрекет жеккөрушілік немесе зорлық-зомбылық тудыруға, қоғамдық тәртіпке қауіп төндіруге немесе жаппай тәртіпсіздікке әкеп соқтырған жағдайда ғана қолданылады.
Сондай-ақ соғыс мемориалдары мен ел тарихындағы маңызды орындарды қасақана бүлдіру, қорлау немесе жою үшін жаңа қылмыстық құрам енгізілмек.
Бұдан бөлек, жоспар 26 қаңтардағы Ұлттық мереке күнін заңнамалық деңгейде бекітіп, оны өзгерту үшін жалпыұлттық референдум өткізуді талап етеді.
Тейлордың айтуынша, соңғы жылдары Ұлттық мереке және АНЗАК күнінде ту өртеу, ескерткіштерге жазу жазу деректері тіркелген. Ол мұны «мулдем қолайсыз» деп атап, елдің мұрасы мен тарихын қорғау керектігін жеткізді.
Тейлор бұл бастаманың One Nation-ның саяси қолдауын әлсіретуге бағытталғанын жоққа шығарып, заң елге «көмектесетінін» айтты.
Бұрынғы либералды премьер-министр Джон Говард 2002 жылы ту өртеуді қылмыс деп тану әрекетін қабылдамаған еді. Ол бұл әрекетті «жиіркенішті» деп атағанымен, наразылық білдіру құқығы елдегі «сөз бостандығы кодексінің» бөлігі екенін айтқан.
2025 жылдың қыркүйегінде Хэнсон ту өртеуге қарсы заң ұлттық рәмізге тиісті құрмет көрсетуді қамтамасыз ететінін мәлімдеген.
Ал сыртқы істер министрінің көмекшісі Мэтт Тислтуэйт жексенбіде Коалицияның бұл бастамасын қажетсіз деп атады. Оның сөзінше, бұл мәселе бойынша соңғы 30 жылда бірнеше әрекет жасалған және бұл австралиялықтардың сөз бостандығына нұқсан келтіруі мүмкін. Ол мұны «үмітсіздік элементі» деп сипаттап, Коалицияның One Nation-ның оңшыл дауыстарын тартуға тырысқанын айтты.
Австралия туы алғаш рет 1901 жылы қыркүйекте көтерілген. Ол елдің тұңғыш премьер-министрі сэр Эдмунд Бартон ұйымдастырған дизайн байқауының нәтижесінде таңдалған. Байқауға 33 мыңға жуық жұмыс түсіп, оның 5 дерлік бірдей дизайны бірінші орынға ие болған. 1908 жылы дизайнға өзгеріс енгізіліп, жеті бұрышты федерация жұлдызы қосылған.
1998 жылы Говард үкіметі қабылдаған заңдар ту тек халықтың келісімімен өзгертуге болатынын белгілеген.
