Кипрдің энергетика министрі Майкл Дамианос Associated Press агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында еуропалық тұтынушылар Кипр жағалауындағы теңіз асты кен орнынан табиғи газды 2028 жылдың наурыз айында ала алатынын айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Associated Press басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Дамианос Шығыс Жерорта теңізі Еуропа елдері үшін баламалы энергия көзіне айналып жатқанын, өйткені Ресейдің Украинадағы соғысы мен Таяу Шығыстағы тұрақсыздық құрлықты жаңа көздер іздеуге мәжбүрлеп отырғанын атап өтті.

Министрдің айтуынша, француздық TotalEnergies және италиялық Eni серіктестері өткен айда Кипрдің оңтүстік жағалауындағы Кронос табиғи газ кен орнын игеру туралы түпкілікті шешім қабылдады. Бұл жоба Шығыс Жерорта теңізі кен орындарынан Еуропа нарығына газ жеткізілетін алғашқы жоба болады.

«Қазіргі уақытта Еуропа үшін маңызды, өйткені Украинадағы соғыс пен Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Кипр баламалы газ көзіне айналады», — деді Дамианос Associated Press агенттігіне жұма күні берген эксклюзивті сұхбатында.

Eni-TotalEnergies консорциумының кестесіне сәйкес, Кроностан Мысырдағы ірі Зохр газ кен орнының инфрақұрылымына дейін 105 шақырымдық құбыр тарту жұмыстары биылғы жылдың соңында басталып, 18 айға дейін созылады.

Құбыр аяқталғаннан кейін газ Мысырдың солтүстік жағалауындағы Дамиетта өңдеу зауытына жеткізіліп, онда сұйылтылып, кемемен Еуропаға тасымалданады.

Ірі мұнай компаниялары аймақтағы барлау жұмыстарын жалғастыруда.