Кенияның оңтүстігіндегі Калилуни бастауыш мектебінде таңертеңгі уақытта тек сиырлар ғана жайылып жүр. Үш жыл бұрын 200-ден астам оқушысы болған бұл мектепте қазір небәрі бес оқушы қалды, ал біз барған күні олар да, жалғыз мұғалім де жоқ еді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы BBC News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

12 жасар Морин Мвисива бір апта бойы мектепке келгенде өзін жалғыз көргенін айтады. Оның анасы Жозефина Муася қызын басқа мектепке ауыстыруды жоспарлап отыр, бірақ жаңа мектеп 8 шақырым қашықтықта орналасқан. Моринге жаңа мектепке жаяу баруға бір сағаттан астам уақыт кетеді, бұрынғы мектебіне 10 минутта жететін.

Кенияда 2017 жылы енгізілген жаңа білім беру бағдарламасы (CBE) ауылдық мектептерге ауыр тиді. Бұл бағдарлама бойынша бастауыш мектеп алтыншы сыныппен аяқталады, ал жетінші-тоғызыншы сыныптар аралық кезеңді құрайды. Алайда көптеген ауылдық мектептерде зертханалар, қосымша мұғалімдер және оқу материалдары жетіспейді.

Білім сарапшысы Марк Касёкидің айтуынша, инфрақұрылымдағы олқылықтар өткір мәселе болып отыр. Көптеген ауылдық мектептерде зертханалар жоқ, бірақ оқушылар ғылыми және практикалық пәндерді оқуы керек.

Китуи округіндегі Сома бастауыш мектебі 2023 жылы оқушылар саны алтыға түскеннен кейін жабылды, ал Маноони бастауыш мектебі 2024 жылы небәрі үш оқушы тіркелгеннен кейін есігін жапты.

Ата-аналардың бірі Табита Катингу жаңа бағдарлама кедей қауымдастықтар үшін мектептерді нығайтуы керек еді, бірақ керісінше әлсіретіп жатқанын айтады. Ол өзінің екі баласын басқа мектепке ауыстырған, енді олар мектепке 3 шақырым жаяу жүреді.

Кейбір тұрғындар мектептердің жабылуына тек бағдарлама ғана емес, балалар санының азаюы мен қалаға көші-қон да себеп екенін айтады. Сара Мумбуаның айтуынша, жастар үйленгісі келеді, бірақ өмір қиын, бәрі қымбат, сондықтан ауылдарда балалар аз.

Ұлттық статистика бойынша, 2023 жылы кениялықтардың шамамен 70% ауылдық жерлерде тұрған. БҰҰ-ның болжамы бойынша, егер бұл үрдіс жалғаса, 2050 жылға қарай Кения халқының жартысынан көбі қалаларда тұратын болады.

Оқушылар санының азаюы орта мектептерге де әсер етуде. Үкімет деректері бойынша, 9605 мемлекеттік орта мектептің 2700-і, негізінен шалғай аудандарда, қажетті 150 оқушыдан аз.