Кәсіпкер Кенес Ракишевтің Fincraft Energy Holding Limited компаниясы AIX биржасында корпоративтік облигациялар шығару бағдарламасының шарттарына өзгерістер енгізді. Құжаттың жаңа редакциясы 2026 жылғы 17 маусымда жалғыз акционердің шешімімен бекітіліп, 2025 жылғы 5 желтоқсандағы алдыңғы нұсқасын ауыстырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Құжатқа сәйкес, қамтамасыз етілмеген кепілдік берілген облигациялардың жалпы шығарылым көлемі 4,2 млрд юаньды (CNY) құрайды. Кірістілік жылдық 9% деңгейінде белгіленген. Өтеу мерзімі 2035 жылғы 29 желтоқсанға келеді. Эмитенттің міндеттемелері бойынша кепілгер болып «Fincraft Group» ЖШС табылады.
Құжаттың алдыңғы редакциясында облигациялар шығарылымының көлемі 1,2 млрд юаньды құрайтыны айтылған. Осылайша, көлем 3 млрд юаньға өсті.
Тартылған қаражат бір немесе бірнеше заңды тұлғалардың акцияларын немесе қатысу үлестерін (тікелей немесе жанама) сатып алуды қаржыландыруға бағытталады.
Жаңартылған құжаттың басты жаңалығы облигация ұстаушылар алдындағы міндеттемелерді бұзғаны үшін айыппұл санкциялары туралы бөлімнің егжей-тегжейлі қайта өңделуі болды.
Негізгі борышты немесе купондық сыйақыны төлеу мерзімі өткен жағдайда, эмитент әрбір кешіктірілген күн үшін борыш сомасының 0,1% мөлшерінде өсімпұл төлеуге міндетті. Бұл ретте есептелген өсімпұлдың жалпы сомасы өтелмеген қалдықтың 10% - аспауы керек.
Егер тартылған қаражаттың мақсатсыз жұмсалғаны анықталса, компания ұстаушылардың талабы бойынша мақсатсыз пайдаланылған соманың 10% мөлшерінде айыппұл төлеуге, сондай-ақ бұл қаражатты толық көлемде қайтаруға міндетті.
Егер нақты орындау мерзімі белгіленсе, айыппұл әрбір кешіктірілген күн үшін 10 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды (бірақ борыш сомасының 10% - аспайды). Егер мерзім белгіленбесе, эмитент әрбір бұзушылық фактісі үшін біржолғы 200 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді, ал қайталанған жағдайда — әрбір келесі жағдай үшін 500 АЕК.
Fincraft Energy Holding Limited — 2025 жылғы қарашада АХҚО-да тіркелген Fincraft тобының мұнай-газ холдингі. Компания топтың энергетикалық активтерін шоғырландыру және басқару, сондай-ақ қолданыстағы және болашақ мұнай-газ жобаларына ұзақ мерзімді инвестициялар тарту үшін жеке құрылым ретінде құрылған.
2026 жылдың басында Fincraft Energy Holding-ке кемінде екі актив — Beineu Petroleum Limited және FG Limited ауыстырылды; FG Limited арқылы холдинг контурына Tethys Petroleum Limited акцияларының пакеті де берілді. Негізінен, бұл Fincraft тобының мұнай-газ бизнесін топ құрылымында шоғырландырудың жаңа орталығы.
Кенес Ракишевтің байлығы $402 млн құрайды және ол Forbes 2026 нұсқасы бойынша ең бай қазақстандықтар тізімінде 27-орында. 2025 жылғы ең ықпалды адамдар рейтингінде ол 10-орында.
