KEGOC компаниясы оңтүстікте электр энергиясының жаппай өшуіне қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ресми мәліметке сәйкес, бүгін сағат 14:37-де Қазақстан Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінде 500 кВ "Ағадыр – Үлкен" Ж-5300 және Ж-5320, сондай-ақ "Ақтоғай – Талдықорған" Ж-5400 электр жеткізу желілерінің ажырауымен қатар жүрген технологиялық бұзушылық орын алды.
Соның салдарынан Қазақстан БЭЖ-нің Оңтүстік аймағы мен Орталық Азияның Біріккен энергетикалық жүйесі оқшауланған жұмыс режиміне көшті.
Алдын ала жедел деректер бойынша, технологиялық бұзушылыққа Орталық Азияның Біріккен энергетикалық жүйесі тарапынан қуат ағынының күрт артуы себеп болған, - делінген ресми хабарламада.
Апат салдарынан Қазақстан энергетикалық жүйесінде тұтынушыларды электрмен жабдықтауды шектеу көлемі шамамен 2810 МВт болды.
Жүйелік оператор қалпына келтіру жұмыстарын дереу бастады. Сағат 14:47-де Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстарындағы 295 МВт көлеміндегі шектеулер алынып тасталды.
Қазіргі уақытта "KEGOC" АҚ тұтынушыларды электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруда, - дейді компания мамандары.
