VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алғашқы күнінде Қазақстан құрамасы ордо, тогызқұмалақ, күрес, гөреш және моңғол бөке сынды спорт түрлерінен өнер көрсетті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Курсив Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ойындар Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтуде. Қазақстан атынан 152 спортшы қатысып, олар 42 спорт түрінен жарысқа түседі.
Бірінші күні қазақстандықтар ордо (асық ату), тогызқұмалақ, күрес, гөреш және моңғол бөке бойынша сынға түсті. Үш күрес түрі бойынша жарыстар аяқталды.
Моңғол бөкеде өнер көрсеткен Ерасыл Амангелді мен гөрешке қатысқан Мадияр Абдрахманов қарсыластарына есе жіберді.
Тогызқұмалақ жарыстары 6 қыркүйекке дейін жалғасады, ал ордо бойынша финалдық ойындар 2 қыркүйекке жоспарланған.
Ойындардың екінші күнінде қазақстандық спортшылар көкпар, көкбөрі, эр эңіш (аударыспақ), алыш, овари, мангала, тогызқұмалақ, ат марафоны, ордо, құс салу, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, масс-рестлинг, арқан тарту, сумо, стронгмэн және омыртқа сүйегін сындыру сынды спорт түрлерінен бақ сынайды.
Ашылу салтанатында Қазақстанның мемлекеттік туын көкпардан әлем чемпионы, ұлттық құрама капитаны Тұрғанбек Құрманбек көтерді.
Бұған дейін «Курсив» VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының «Бішкек-Арена» стадионындағы ашылу салтанаты әлеуметтік желілерде кең резонанс тудырғанын жазған болатын. Шоуды дайындауға қазақстандық Wakeuphana командасы режиссер-қоюшы Андрей Хванның жетекшілігімен, сондай-ақ техникалық және визуалды бөлігіне жауапты Upstage және Filmotion компаниялары қатысты.
Қойылымға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден шамамен 2 мың биші қатысты. Көрермендердің ерекше назарын қар барысы мен құс бейнелері қоса алғанда, ауқымды сахналық элементтер аударды.
