Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа жұмыс сапары кезінде Boeing компаниясының атқарушы вице-президенті Джефф Шоккимен кездесті, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Президент Тоқаев Air Astana мен Boeing арасында жаңа ұшақтарды жеткізу туралы келісімге қол қойылғанын жоғары бағалады. Осы келісім аясында жыл соңына дейін елге Boeing 787 Dreamliner ұшақтары жеткізіледі. Бұл Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе қатынасын ашуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ SCAT әуе компаниясы да қосымша Boeing ұшақтарын сатып алуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, Шымкент әуежайында ұшақтарға техникалық қызмет көрсетіп, жөндеуден өткізетін алғашқы орталықты ашу мүмкіндігі талқыланды.
««Қазақстанның көлік-транзит әлеуеті зор. Әуемен жүк тасымалдау бағытында нәтижелі ынтымақтастық орнатуға толық мүмкіндік бар», – деді Джефф Шокки.»
—
Boeing өкілі компанияның цифрландыру саласындағы жоспарларымен бөлісті. Кездесуде авиация саласына маман даярлау және елдегі жүк тасымалдаушы ұшақтар паркін жаңарту мәселелері де сөз болды.
