АҚШ Украинаның Новороссийск портына жасаған шабуылынан кейін Киевке ресми ескерту жолдады, себебі соққы Қазақстан арқылы өтетін америкалық инвестицияларға зиянын тигізген, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Украинаның АҚШ-тағы елшісі Ольга Стефанишинаның сөзінше, былтыр қарашада Мемлекеттік департамент Украина қарулы күштерінің шабуылынан соң Киевке ресми ескерту жасаған. Оған америкалық инвестициялар тартылған нысанның, оның ішінде Қазақстан арқылы жүзеге асатын жобалардың зардап шегуі себеп болған.

««Бізге жеткен мәлімет бойынша, Украинаның Новороссийскіге жасаған шабуылдары Қазақстан арқылы жүзеге асатын кейбір америкалық инвестицияларға әсер еткен. Сол себепті Мемлекеттік департаменттен америкалық мүдделерге шабуыл жасамау керегі туралы ескерту алдық», – деді елші.»

Былтыр қарашада Новороссийск маңындағы Каспий Құбыр Консорциумының (КҚК) айлақтарының біріне соққы жасалған болатын. Салдарынан мұнай жөнелту уақытша тоқтап, Қазақстан экспорттық бағыттарды басқа балама жолдарға бұруға мәжбүр болды.