Ішкі істер министрлігі жазасын өтеп жатқан азаматтардың кейбіріне смартфон қолдануға рұқсат беруді ұсынды, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл өзгеріс тек ең төменгі қауіпсіздік мекемелеріне, яғни қоныс колонияларындағы сотталғандарға ғана қатысты. Оларға смартфонды тек мекемеден тыс жерде қолдануға рұқсат етілмек.
Сонымен қатар, бұйрық жобасында мінез-құлқы жақсы деп танылған сотталғандар үшін «тыныштық сағатын» енгізу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін кездесулер мен қалаға шығуға өтінішті терминал арқылы беру мүмкіндігі қарастырылған.
Құжат «Ашық НҚА» порталында 11 наурызға дейін қоғамдық талқылауда болады.
Айта кетейік, қоныс колонияларында абайсызда жасалған қылмыстар үшін, сондай-ақ ауырлығы аз қылмысты алғаш рет жасағандар жазасын өтейді. Бұл мекемелерде оқшаулау деңгейі төмен: сотталғандарға азаматтық киім киюге, отбасымен тұруға және мекемеден тыс жерде жұмыс істеуге рұқсат етілген.
