Қазақстанда ерлер әйелдерден орта есеппен 30%-ға көп жалақы алады, ал ел гендерлік теңдік бойынша жаһандық рейтингте бір жылда 16 сатыға төмендеп кетті, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Qazaq Expert Club инклюзия және гендерлік теңдік саласының сарапшысы Нұржамал Иминова еліміздегі гендерлік теңсіздіктің негізгі себептері мен басқа елдермен салыстырғандағы жағдайын түсіндірді.

«Дүниежүзілік банктің есебінше, Қазақстанда ерлер әйелдерден 27–31%-ға артық табыс табады. Бұл тіпті екеуінің дағдысы мен жұмыс орны бірдей болған жағдайда да байқалады. Кейбір салада, мысалы, ауыл шаруашылығында бұл айырмашылық 112%-ға дейін жетеді. Мұның басты себептерінің бірі — жұмыспен қамтудың салалық құрылымы. Әйелдер көбіне жалақысы дәстүрлі түрде төмен білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада жұмыс істейді. Ал ерлер табысы жоғары мұнай-газ, IT, құрылыс және қаржы секторларында шоғырланған. Жоғары білімнің болуы да бұл теңсіздікті жоя алмай отыр. Қазақстанда кәсіби сегрегация сақталған: STEM (ғылым, технология, инженерия, математика) бағыттарында әйелдердің үлесі небәрі 14% болса, ерлерде – 36,1%. Керісінше, білім беру саласында әйелдер 3,4 есе, денсаулық сақтауда 2,6 есе көп. Бұл ұзақ мерзімді табыс айырмашылығын одан сайын бекіте түседі. Өңірлік тұрғыдан алшақтық өндірісі дамыған Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында айқын байқалады. Мұнда жоғары жалақы көбіне дәстүрлі «ерлерге тән» салаларда төленеді. Алматы мен Астанада жағдай басқаша: бір жағынан, әйелдер үшін мансаптық өсуге мүмкіндік көп, екінші жағынан, жоғары жалақылы салаларда ерлер басым. Экономикада да құрылымдық кедергілер бар. Әйелдер шағын бизнестің 27,6%-ын, орта бизнестің 31,7%-ын, ал ірі компаниялардың тек 17%-ын ғана басқарады. Бұл олардың ауқымды бизнеске қол жеткізуінің шектеулі екенін көрсетеді. Бұл жағдайды «шыны төбе» әсері де қиындатады. Жеке кәсіпкерлікте әйелдердің үлесі 52% болса, орта және ірі бизнестегі басшылар арасында олардың үлесі 24,1%-ға дейін, ал топ-менеджментте 26%-ға дейін төмендейді. Әйелдердің экономикалық жағдайына үй шаруасындағы еңбектің тең бөлінбеуі де әсер етеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ерлер жұмыс күндері үй шаруасына орта есеппен 48 минут жұмсаса, жұмыс істейтін әйелдер 2 сағат 13 минут бөледі. Демалыс күндері бұл көрсеткіш ерлерде 1,5 сағат болса, әйелдерде 4 сағат 44 минутқа жетеді. Мұндай жүктеме кәсіби өсуге тікелей кедергі келтіреді.»