Қазақстанда жаңа пәтерлер қымбаттайды, ал ескі үйлер нарығы тоқырауға ұшырауы мүмкін. Qazaq Expert Club сарапшысы Диляра Сейітнұрова осындай болжам жасады, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Сарапшының пікірінше, Астана мен Алматыда 36 миллион теңгеге дейінгі эконом және комфорт санаттағы пәтерлерге сұраныс жоғары болады. Осыған байланысты құрылыс компаниялары әсіресе «Отбасы банктің» бағдарламаларына сәйкес келетін, өтімділігі жоғары бір және екі бөлмелі пәтерлердің бағасын көтереді.

Ал ескі үйлер нарығында жағдай басқаша.

««Қолданыстағы тұрғын үй нарығы тоқырайды. Салынғанына 15–20 жылдан асқан баспаналардың өтімділігі төмендей береді», – дейді Диляра Сейітнұрова.»

Сонымен қатар, бизнес және элиталық санаттағы тұрғын үйлерге мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар әсер етпейді. Өйткені мұндай пәтерлер негізінен қолма-қол ақшаға немесе құрылыс салушыдан бөліп төлеу арқылы сатып алынады.