Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ashmore Group халықаралық инвестициялық компаниясының бас директоры Марк Кумбсты қабылдады, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Кездесуде тараптар өзара тиімді бірлескен жобаларды, соның ішінде Қазақстанда жаңа халықаралық клиника салу жоспарын талқылады.

Бұл бастаманы Ashmore Healthcare International компаниясы мен «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС бірлесіп қолға алмақ. Жобаға әлемге әйгілі медицина операторы – Mount Sinai Health System компаниясын тарту көзделген.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің бұл маңызды жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.»

Өз кезегінде Марк Кумбс Қазақстан экономикасының стратегиялық секторларында ынтымақтастық орнату үшін зор әлеует бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар кездесуде экономиканың жоғары технологиялы салаларын дамытуға бағытталған Ашық инвестициялық серіктестік бағдарламасы аясындағы ықпалдастық перспективалары сөз болды.