АҚШ Президенті Дональд Трамп «Бейбітшілік кеңесінің» отырысында бірнеше маңызды мәлімдеме жасап, оның ішінде Қазақстанның Газа секторындағы халықаралық тұрақтандыру күштеріне қосылатынын жариялады, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Трамптың айтуынша, көптеген елдің дипломатиялық күш-жігерінің арқасында Газа секторындағы соғыс тоқтаған. Ол ХАМАС ұйымының қаруын тапсырып, келісім шарттарын орындауға міндеттелгенін атап өтті.

«Егер олар міндеттемелерін орындамаса, жауабы қатаң болады, – деп ескертті АҚШ Президенті.»

Сонымен қатар АҚШ Президенті Иранмен бейбіт келіссөздердің маңыздылығын да ерекше атап өтті. Оның сөзінше, Вашингтон мен Тегеран арасында «маңызды мәміле» жасалуы тиіс, әйтпесе оның «салдары жаман болады».

«Иранда ядролық қару болмауы тиіс, мұны АҚШ өте нақты айтты, – деді Трамп.»

Трамп өз сөзінде Әзербайжан мен Армения арасындағы 30 жылға созылған қақтығыстың реттелгенін де үлкен жетістік ретінде атады.

«Екі өте маңызды ел арасында бейбітшілік орнады, мен мұны ешқашан ұмытпаймын, – деді ол екі тарапқа алғыс білдіріп.»

Газа секторын қалпына келтіруге бағытталған қаржылық көмек туралы да айтылды. Трамптың сөзінше, Қазақстан, Әзербайжан, БАӘ, Марокко, Бахрейн, Катар, Сауд Арабиясы, Өзбекстан және Кувейт бұл мақсатқа 7 млрд доллардан астам қаражат бөлген. Ал АҚШ «Бейбітшілік кеңесіне» қосымша 10 млрд доллар бөледі.

Сөзінің соңында Трамп Индонезия, Марокко, Албания, Косово, Қазақстан, Мысыр және Иорданияның Газа секторындағы Халықаралық тұрақтандыру күштеріне өз әскерилері мен полиция қызметкерлерін жіберетінін растады. Бұл күштер палестиналық полицияны оқытып-үйретуге көмектеседі.