Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан аумағы арқылы өткен транзиттік жүктердің жалпы көлемі 36,9 млн тоннаға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,6%-ға артты. Бұл цифрлар Қазақстанның Еуразиядағы көлік торабы ретіндегі рөлінің күшейгенін көрсетеді, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Qazaq Expert Club сарапшысы Айнұр Дивееваның айтуынша, Орта дәліз бүгінде қолданыстағы бағыттарды алмастырушы ретінде емес, әлемдік саудадағы тәуекелдерді әртараптандыру құралы ретінде дамып келеді. Іс жүзінде жүк жөнелтушілер ең жылдам бағытты емес, ең болжамды және тұрақты маршрутты жиі таңдайды.

««Өткен жылдың күзінде Қазақстан үкіметі бұл бағыттың жылдық өткізу қабілетін 10 млн тоннаға дейін арттыру жоспарын растады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 2,7 млн тонна болса, биыл 5 млн тоннаға жақындауы мүмкін. Салыстыру үшін, 2021 жылы бұл бағытпен 1 млн тоннадан аз жүк тасымалданған», – дейді сарапшы.»

Бүгінде Орта дәліз – маңызды транзиттік арна. Еуразиялық жүк ағындары қайта бөлініп жатқан тұста Қазақстан Қытай мен Каспий аймағы арасындағы негізгі құрлықтық буынға айналды. Айта кетейік, бағыттың құрлықтағы бөлігінің 80%-дан астамы біздің аумақ арқылы өтеді.

Айнұр Дивеева Қазақстан Орталық Азиядағы транзитке ең дайын ел деп санайды. Теміржол желісінің ұзындығы 16 мың шақырымнан асады, Қытаймен шекарада Достық және Алтынкөл атты екі негізгі өткел жұмыс істейді. Қазір Достық – Мойынты учаскесі жаңғыртылып жатыр, бұл оның өткізу қабілетін жылына шамамен 12-ден 20 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ал Каспийдегі Ақтау және Құрық порттары жыл сайын жиынтығы 20 млн тоннадан астам жүкті өткізе алады.

««Алайда, жүйелі шектеулер әлі де бар. Орта дәліз – Каспий арқылы теңіз тасымалын қажет ететін мультимодальды тізбек. Оның тиімділігі тек Қазақстан темір жолына ғана емес, порттар мен флоттың, сондай-ақ Әзербайжан, Грузия және Түркия инфрақұрылымының үйлесімді жұмысына да байланысты. Қазір Каспий порттарындағы жүкті ауыстырып тиеу және паром флотының жеткілікті болуы – басты мәселе. Қытайдан Еуропаға Орта дәліз арқылы жүк жеткізу уақыты орта есеппен 15–25 күнді құрайды, ал солтүстік бағытпен бұрын 10–14 күнде жететін. Транскаспий бағытымен тасымалдау құны дәстүрлі құрлық маршруттарынан жоғары болып тұр. Сондықтан дәліздің өсімі қарқынды емес, эволюциялық сипатта. Мұнда жүк баға артықшылығы үшін емес, ең алдымен тәуекелдерді азайту үшін келеді», – дейді Айнұр Дивеева.»

Еуразиялық транзит хабы мәртебесіне ие болу үшін Қазақстан үш негізгі шартты қамтамасыз етуі керек: жеткізу мерзімінің тұрақтылығы, тасымалдаудың бәсекеге қабілетті құны және терең цифрлық интеграция (бірыңғай электрондық құжаттар), жүкті бүкіл тізбек бойынша қадағалау және кедендік рәсімдерді синхрондау.