Қазақстан Каспий теңізіндегі мұнай-газ нысандарын қорғау мақсатында олардың маңына терроризмге қарсы күрес жөніндегі теңіз жедел штабының күштерін орналастыра алады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан Энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес, жер қойнауын пайдаланушы компаниялар жедел штабтың сұрауы бойынша теңіздегі өндірістік нысандардан 23 шақырымнан аспайтын жерде, кемінде 10 қызметкерді орналастыруға арналған орын және тікұшақ алаңын қамтамасыз етуге тиіс.

Жедел штабтың күштері мен құралдарын нысандардың маңына жылжымалы теңіз құралдарына орналастыруға болады. Құжатқа сәйкес, бұл шығындарды жер қойнауын пайдаланушы компаниялар өтейді. Шығындардың нақты тізімі, көлемі, оларды өтеу және төлеу тәртібі тараптардың келісімімен анықталады.

Қазақстандағы теңіз учаскелерін игерумен айналысатын ең ірі жер қойнауын пайдаланушы — NCOC (North Caspian Operating Company) консорциумы. Оның құрамына жеті компания кіреді: «ҚазМұнайГаз» — 16,88%, италиялық Eni, британиялық Shell, америкалық ExxonMobil және франциялық TotalEnergies — 16,81%-дан, қытайлық CNPC — 8,33% және жапониялық INPEX — 7,56%.