Батыс Қазақстан облысында Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді жерлеу рәсімдері өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Өңір әкімдігінің мәліметінше, қаралы жиындарға қаза тапқан жауынгерлердің туған-туыстары мен жақындары қатысып, қайғырып көңіл айтты.

Отан қорғаушылардың рухына Құран бағышталып, еске алу рәсімдері өткізілді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына мемлекеттік әлеуметтік төлемдер, материалдық қолдау және жаназа мен жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға қажетті жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр", – деп жазылған хабарламада.

Әкімдік қаржылай көмекті жинақтау үшін арнайы қор құрылғанын атап өтті.

"Жинақталған қаражаттың барлығы қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккендерге атаулы әрі ашық түрде беріледі. Бұл жұмыс мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қатаң бақылауында болады", – дейді мамандар.

Еске салсақ, Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райының күрт нашарлауы салдарынан 17 әскери қызметші теңізге кетіп, оның 14-і қаза тапты, үшеуі құтқарылды.