Маңғыстау облысының Қарақия ауданында Каспий жағалауынан 173 бекіре балығының өлексесі табылды, деп хабарлайды облыстық балық инспекциясы. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Өлекселер 20 қазан күні мониторинг кезінде 15 шақырым аумақта жағалаудан анықталған.
«Балықтар оңтүстіктен соққан қатты жел салдарынан жағаға шығып қалуы мүмкін. 173 балық та қатты шіріп кеткен, сынама алу мүмкін болмады», — дейді Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының басшысы Қонарбай Базарбаев.
Мониторинг әлі де жүргізіліп жатыр.
«Мониторинг Түрікменстан шекарасымен шектесетін Сүйе мүйісінен бастап Ақтау қаласының екі ортасында жүргізіліп жатыр. 12 адамнан тұратын топ күнделікті тексеріп отыр. Басқа өлексе анықталған жоқ», — дейді Қонарбай Базарбаев.
Оқиға орнына экологтар, әкімдік пен полиция өкілдері шақырылған.
Экологтар теңіз суынан сынама алған.
Қазіргі уақытта балық өлекселері арнайы бөлінген орынға көмілген, ал жағалау тазартылған.
