Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов премьер-министр Олжас Бектеновке Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне байланысты шаралар кешенін қабылдау туралы ұсыныс жасады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Парламентарийдің айтуынша, мәселе экологиядан асып, аумақтарды басқаруға, табиғи ресурстарды пайдалануға және Каспий маңы аймақтарының экономикасына тікелей әсер ете бастады.
«Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша, 2006-2025 жылдар аралығында Каспий теңізінің қазақстандық жағалауындағы жағалау сызығы жекелеген аудандарда 30-35 шақырымға шегінді. Теңіздің солтүстік-шығыс бөлігіндегі судың орташа деңгейі шамамен минус 29 метрді құрайды. «Қазгидромет» РМК-ның консультативтік ұзақмерзімді болжамына сәйкес, теңіз деңгейінің төмендеу үрдісі барлық қарастырылған климаттық сценарийлерде сақталады және 2050 жылға қарай болжамды деңгей минус 34 метрді құрайды. Осылайша, теңіз деңгейінің төмендеуі тұрақты және ұзақмерзімді сипатқа ие», – деді депутат.
Тұрғановтың айтуынша, Каспий теңізінің нақты және заңды жағалау сызығы арасындағы сәйкессіздік ерекше алаңдаушылық тудырады. Бүгінде теңіз шекаралары бірнеше мемлекеттік жүйеде – гидрологиялық, жер кадастры және жер қойнауын пайдалану жүйесінде есепке алынады.
Оның үстіне, олардың әрқайсысын әртүрлі мемлекеттік органдар жүргізеді және дербес жаңартады. Нәтижесінде жағалаудың нақты сұлбасы ресми бекітілген шекаралардан алшақтай түсуде.
Депутаттың атап өтуінше, кейбір геологиялық барлау және инвестициялық жобалар қағаз жүзінде теңіздік немесе қайраңдық болып саналғанымен, іс жүзінде құрлықта немесе жағалаудағы өтпелі аймақта орналасқан. Алайда мұндай объектілерді реттеу әлі де теңіз аумақтары үшін белгіленген ережелер бойынша жүзеге асырылады. Сонымен қатар, судың кетуі геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін жаңа аумақтар ашады.
Парламентарийдің пікірінше, мұндай аумақтарды экономикалық айналымға тарту елдің минералды-шикізат базасын кеңейту міндеттеріне сәйкес келеді, алайда олардың құқықтық мәртебесін уақытылы анықтау қажет. Сауалда экологиялық қауіпсіздік мәселелері жеке блок ретінде көтерілген.
«Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Маңғыстау облысында Каспий итбалықтарының жағаға жаппай шығарылуы тіркелуде. Бұған дейін осындай жағдайлар 2024 жылдың күзінде байқалған, қазақстандық жағалауда екі мыңға жуық өлі дарақ табылған. Мұндай жағдайлардың тұрақты қайталануы жануарлардың өлімінің тікелей себептерін анықтап қана қоймай, Каспий теңізінің популяциясы мен экожүйесін сақтауға ұзақмерзімді қауіптерді бағалауды талап етеді», – деді ол.
Осыған байланысты мәжілісмен Үкіметке спутниктік, гидрологиялық және геодезиялық деректер негізінде Каспий жағалау сызығының бірыңғай цифрлық контурын құруды ұсынды.
Сондай-ақ бұл контурды мемлекеттік жер кадастрына және жер қойнауын пайдалану жүйесіне интеграциялау, жағалау аумақтарын реттеудің бірыңғай ведомствоаралық тәртібін әзірлеу және теңіз деңгейінің автоматтандырылған мониторинг жүйесін құруды жеделдету ұсынылады.
Бұдан басқа, депутат Каспий жағалауында итбалықтардың, балықтардың және құстардың жаппай қырылуы кезінде мемлекеттік органдардың бірыңғай іс-қимыл алгоритмін әзірлеу қажет деп санайды. Үкіметтен сондай-ақ Каспий итбалықтарының жаппай қырылу себептері, олардың популяциясының одан әрі азаю қаупі және мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат сұралды.
Каспий теңізінде итбалықтардың қырылуы тұрақты (дауыл немесе ауру салдарынан жекелеген жағдайлар) және мерзімді сипатта болады, маусымда ондағаннан жүздегенге, тіпті мыңдаған дараққа дейін табылады.
Әр жылғы өлі дарақтардың нақты санын атау қиын, өйткені көптеген өлекселер суда қалып, шіриді немесе өлгеннен кейін ұзақ уақыт өткен соң жағаға шығарылады. Алайда трагедияның ауқымын салалық ведомстволардың деректері растайды. Мысалы, 2026 жылдың сәуір айындағы бірнеше күн ішінде Маңғыстау облысының жағалауында 100-ден астам өлексе табылды. 2024 жылдың күзінде және қысында жаппай қырылу байқалды, қазақстандық жағалауда ғана 1000-нан астам итбалықтың өлімі расталды, ал бұрын ресейлік секторда 2500-ге дейін қызыл кітапқа енген дарақтардың өлгені анықталған.
2026 жылдың ақпан айында Қазақстан үкіметі резервтен Каспий теңізінің Қазақ ғылыми-зерттеу институтына Каспий мониторингіне 1,1 млрд теңге бөлді.
Экология министрлігінің қызметкері Дәулет Есмағамбетов 2024 жылы Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде су деңгейі 26 сантиметрге төмендеп, балтық жүйесі бойынша минус 29,12 метр белгісіне жеткенін атап өтті. 2050 жылға қарай зерттеушілер теңіз деңгейінің 3-5 метрге төмендеуін болжайды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың күзінде Каспий теңізін құтқару бойынша халықаралық бағдарлама әзірлеу қажеттігін мәлімдеді. Каспий теңізінің ҒЗИ да 2025 жылы құрылды. Экологиялық мониторингтен басқа, оның міндеттеріне басқа Каспий маңы мемлекеттерімен бірлескен жұмыс және су айдынының табиғи ресурстарын ұдайы өндіру кіреді.
Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Каспий теңізін қоректендіретін Жайық (Орал) және Қиғаш өзендерін таязданудан құтқаруға да шақырады.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстан Каспий теңізін құтқару үшін көршілерден көмек сұрайтынын жазған болатын.
