Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басшылық еткен комиссия Маңғыстау облысына барды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Төтенше жағдайға байланысты президенттің тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысына келген комиссия мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіріп, оқиға орнында қажетті шаралар қабылдайды.

Комиссия құрамы

Хабарламаға сәйкес, комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ішкі істер, төтенше жағдайлар, денсаулық сақтау және көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ Шекара қызметінің өкілдері кірді.

Комиссия мүшелері қазіргі ахуалды бағалап, төтенше жағдайдың салдарын жоюға байланысты барлық бағыт бойынша одан әрі қабылданатын шараларды айқындайды.

Назар аударылатын мәселелер

Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетуге, оқиғаның мән-жайын анықтауға, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар мен қызметтердің іс-қимылын үйлестіруге ерекше назар аударылады. Комиссияның жұмысы оқиға орнында жалғасып жатыр.

Трагедия мән-жайы

Еске сала кетейік, Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде төтенше жағдай болып, 9 адам көз жұмды.

Алдын ала мәлімет бойынша 24 қыркүйек күні ауа райының күрт нашарлауы және желдің күшеюі салдарынан Каспий теңізіндегі 19 әскери қызметшіні толқын алып кеткен.

Қазіргі уақытта оның 9-ы көз жұмғаны анықталды.

Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.

Қалғандарын іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпыұлттық аза тұту

Тоқаев әскери қызметшілердің қазаға ұшырауына байланысты ертең, 25 қыркүйекте Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту жариялады.