Маңғыстау облысындағы Каспий теңізі акваториясында 1999 жылы туған ер адамды іздеу жұмыстары төртінші күн жалғасуда. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

ҚР ТЖМ мәліметінше, іздестіру-құтқару жұмыстары төртінші тәулікке созылды. Ауа райының қолайсыздығына және теңіздің қатты толқуына қарамастан, құтқарушылар мен сүңгуірлер акватория мен жағалау сызығын тексеруді жалғастыруда.

Атап өтілгендей, іздестіру жұмыстарын гидрометеорологиялық жағдайлардың өзгермелілігі, су астындағы көрінудің шектеулілігі, ағыс және тексерілетін аумақтың үлкендігі қиындатып отыр.

Операцияға барлығы 40-тан астам маман, жүзу құралдары, ұшқышсыз ұшу аппараттары, сүңгуір жабдықтары, ТЖМ авиациясы, сондай-ақ Маңғыстау облысы ТЖД, ІІМ Ұлттық ұланы, ҰҚК Шекара қызметі, Әскери-теңіз күштері, полиция департаменті және «YKK Kazakhstan LLP» ЖШС мамандары жұмылдырылған.

Іздестіру судан, әуеден және жағалау сызығы бойымен жүргізілуде. Сүңгуір топтары оқиға болған ауданда теңіз түбі мен жағалау акваториясын кезең-кезеңімен тексереді.

Іздестіру-құтқару операциясы жалғасуда. ТЖМ азаматтарды судағы қауіпсіздік шараларын сақтауға, тек арнайы жабдықталған жерлерде шомылуға және ресми ақпаратқа сенуге шақырды.

Бұған дейін «Курсив» Қызылорда облысында жоғалған алты жасар қызды іздеу туралы хабарлаған болатын.