Украина қарулы күштері Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) теңіз терминалы маңында екі танкерге шабуыл жасады, деп хабарлады консорциум. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
2026 жылдың 30 шілдесінде Мәскеу уақытымен сағат 01:48-де "NIFFOS SIFNOS" танкеріне шабуыл жасалды. Танкер Каспий құбыр консорциумының ВПУ-3 сыртқы айлақ құрылғысында мұнай тиеп жатқан. Жүк жөнелтуші – "Теңізшевройл" ЖШС (Chevron компаниясы).
Ұшқышсыз ұшу аппараты арқылы жасалған шабуыл салдарынан танкердің жүк палубасындағы мұнай қабылдауға арналған манифольдтар аймағында өрт шыққан. Өртті танкер экипажы КҚК-ның үш көмекші кемесінің көмегімен сөндірді.
КҚК қызметкерлері мен мердігер ұйымдардың өкілдері арасында зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Танкер экипажы медициналық көмекке немесе эвакуацияға жүгінбеген. Танкерге айтарлықтай зақым келмеді, ол жүзуін жалғастыра алады.
Қазіргі уақытта келтірілген залал көлемі бағаланып жатыр. Мұнай тиеу жұмыстары тоқтатылды, алайда мұнай құбыры нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар КҚК теңіз терминалына мұнай қабылдауға бағыт алған тағы бір "MARATHI" танкеріне шабуыл жасалды. 27 шілдеде КҚК бұған дейін танкерлерге жасалған шабуылдан кейін мұнай айдауды қайта бастаған болатын.
Қазақстан мұнай экспортының 80%-дан астамы осы бағыт арқылы жүзеге асырылады.
