Kaspi Bank 2026 жылдың 31 наурызынан бастап қызмет көрсету тарифтерін күрт қымбаттататынын жариялады, бұл өзгеріс миллиондаған клиенттің қалтасына әсер етеді, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Ең басты жаңалық — Қазақстандағы ең танымал карта саналатын Kaspi Gold-тың жылдық қызмет ақысы 1 995 теңгеден 10 000 теңгеге дейін өседі. Бұл — шамамен 400 пайызға қымбаттау. Банк бұл қадамды нарықтағы жағдаймен байланыстырса да, қарапайым тұтынушылар үшін бұл күтпеген соққы болды.
Сонымен қатар, бұған дейін тегін ұсынылып келген бірқатар қызмет енді ақылы санатқа көшеді. Мысалы, балаларға арналған Kaspi Junior картасы үшін де ата-аналар жылына 10 000 теңге төлеуге міндетті болады. Бұрын бұл қызмет үшін ешқандай төлем алынбайтын.
Сондай-ақ, картаны жоғалтып алған немесе жарамсыз болып қалған жағдайда қайта шығару құны да 1 995 теңгеден 10 000 теңгеге дейін шарықтады. Бұл өзгерістер клиенттердің қосымша шығынын айтарлықтай көбейтеді.
Қолма-қол ақшаға қатысты комиссия да еселеп өсті. Белгіленген лимиттен артық ақша шешкені үшін алынатын комиссия мөлшері 0,95%-дан бірден 5%-ға дейін көтерілді. Бұл, әсіресе, жалақысы картаға түспейтін, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен шағын кәсіп иелері үшін өте тиімсіз.
Сарапшылар Kaspi-дің бұл қадамын нарықтағы басым жағдайын пайдалану деп бағалайды. Банк өзінің экожүйесіне тәуелді болып қалған клиенттер базасын сақтай отырып, комиссиялық кірісті барынша арттыруды көздеуі мүмкін.
Фото: Әлеуметтік желіден
